2023 жылдың 24 қарашасы күні сағат 11.00-де C.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мен оқыған автор» атты өлкелік ақын-жазушылардың шығармаларына арналған республикалық зерттеу жұмыстарының байқауын ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты: Ақтөбе өңірінен шыққан ел мәдениеті, өнері, әдебиеті, тіл ғылымы, мақтанышына айналған қаламгерлердің есімін жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру және шығармаларын насихаттау; Жастардың шығармашылық ізденісін ұлғайта отырып, кітап оқуға тарту, сөз өнерін дамыту; Өлкелік ақын-жазушылар жөніндегі тың деректерді, зерттеу жұмыстарын, ғылыми тұрғыдан дәлелдеу.
Байқаудың әділ қазы мүшелері: – Филология магистрі, С.Бәйішев атындағы университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы – Гүлжахан Төреханова; Ақын, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері – Балагүл Бакиева; С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры – Калдина Гүлжайнар Нәренқызы.
Шара барысында ««Мен оқыған автор» атты өлкелік ақын-жазушылардың шығармаларына арналған республикалық зерттеу жұмыстары байқауының қорытындысы жарияланып, байқаудың қазылар алқасының мүшесі Филология магистрі Гүлжахан Төреханова мен ақын Балагүл Бакиева жеңімпаздарды марапаттап, Диплом, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды табыстады. Сонымен қатар Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері өлкелік ақындардың өлеңдерін оқып, «Саз» бөлімінің студенті Ислам Орынбасар «Адай» күйін орындады. Сондай-ақ Нұрбек Әмірбек пен Мадияр Тілеміс «Туған ел» әнін, ал Аяжан Жолдымұратова «Ақтөбем» әнін шырқады.
Байқаудың шарттары: Қатысушылар зерттеу тақырыбын өздері таңдап, таңдаған тақырыбын ауызекі және ғылыми деректер бойынша нақты дәйектермен толықтырып отырғаны абзал. Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды бөлімнен тұрады. Зерттеу жұмысының жаңашылдығына, ғылыми тұрғыдан зерттелуіне мән беріледі.
Байқауға барлығы 40-қа жуық үміткерлердің жұмыстары қабылданып, қазылар алқасының шешімімен байқауға қатысушы жеңімпаздар қорытындылау кешіне шақырту алды. Байқаудың жеңімпаздары: Бас жүлдені – Алия Амангелдіқызы. Ойыл ауданы Сарбие ауылы Сапақкөл орта мектебінің 10 класс оқушысы. 1-орын – Жанель Қалиева. № 50 орта мектебінің 10 класс оқушысы. 2-орын – Камшат Атапкел. Ф.Оңғарсынова ат.№41 орта мектеп-гимназиясының оқушысы. 3-орын – Ф.Оңғарсынова ат.№41 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Зейнеш Бибарыс және Әйтеке би ауданы Белқопа ЖББОМ оқушысы Нұрсая Құдабаева, ал Наташа Нұрекешова, Дильназ Бакитгерей, Жанайым Сагиндыкова ынталандыру жүлделерін жеңіп алды. Сонымен қатар жеңімпаздарға Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Шара соңында кітапхананың инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынгүл Асқарқызы келген қонақтарға, байқауға қатысқан қатысушыларға алғысын айтты.