Skip to content Skip to sidebar Skip to footer

Кітапхана туралы

Кітапхана туралы

Біздің кітапхана сайтына қош келдіңіздер!

Ақтөбе  облыстық жасөспірімдер кітапханасы 1979 жылы  құрылды. Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  2000 жылы 16 ақпан  №257  қаулысымен  Ақтөбе  облыстық   жасөспірімдер  кітапханасына   көрнекті  ақын   Сағи Жиенбаев  есімі берілді.Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы 1979 жылы СОКП Орталық  Комитетінің 1974 жылғы  8 мамырындағы «Еңбекшілерге тәрбие беру және ғылыми техникалық прогресті күшейтудегі кітапхана ролін дамыту»  мақсатында қабылданған қаулысына орай жасөпірімдермен кітапхана библиография мәселелері жөніндегі жүргізілетін жұмысты өрістетіп, облыстың барлық кітапханаларына арналған әдістемелік және практикалық орталық ретінде құрылды.

Алғашқы жылдары кітапхананың негізгі мақсаты кітап қорын толықтыру және оқырмандарды  кітапханаға тарту болды. Кітапхана оқырмандары  14-29 жас арасындағы жастар, студенттер, оқушылар және педагогтар, жастар проблемасымен айналысатын мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері болды. Кітапханада  оқу залы, Интернет залы,  абонемент, өнер әдебиеттері, әдістеме-библиография, толықтыру бөлімдері қызмет көрсетті.

Алғаш кітапхана ғимараты қаланың 5 шағын ауданында орналасса, бертін келе кітап қорының көбеюіне байланысты  Тұрғындар қалашығы ауданында Бейбітшілік 5 мекен жайында орналасқан 2 бөлмелі үйге көшкен. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарды көбейту мақсатында кітапхана қызметкелері әртүрлі шаралар ұйымдастыра отырып мектептерге, жоғарғы және арнаулы оқу орындары арасында патриоттық тәрбие сағаттары, апталықтар өткізіп, жастарға кітапхананы таныстырып, жылдан-жылға оқырман санын көбейткен.

Облыстық жасөспірімдер кітапханасы алғаш «Құрдастар» клубын ашып жастардың қызығушылығын оятқан. Клубтың негізгі мақсаты жастарды отансүйгіштікке, елін құрметтеп, қастерлеуге, кітап оқып білімі мен біліктіліктерін ұштау.

 Өлкеміздің танымал зиялы адамдарын таныстыру мақсатында 1989 жылдан бастап кітапханада «Қөңіл күнделігі» деген атаумен жыл сайын ақын –жазушылардың шығармаларын және көптеген әр түрлі әдістемелік құралдар басып шығарды. 

2014 жылы ақын Сағи Жиенбаевтың 80 жылдығына және кітапхананың 35 жылдығына орайластырылып,облыс әкімдігі тарапынан, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама  басқармасының қолдауымен мекемеге өз алдына дербес ғимарат берілді. 2015 жылдың қаңтар айында кітапхана жаңа мекен-жайға Ақтөбе қаласы, М.С. Прохоров көшесі 11 үйге қоныс аударды.

Қазіргі таңда  С.Жиенбаев  атындағы  облыстық жасөспірімдер  кітапханасы жасөспірімдерге кітапханалық  қызмет  көрсетуді  ұйымдастырып  жүзеге  асыратын  сондай – ақ  жастарды   тәрбиелеуге,  білім  беруге,  демалысын  ұйымдастыруға   ықпал  ететін  мәдени – ағарту әрі  ғылыми – ақпараттық  мекеме.

      Қазақстан Республикасы Президентінің “2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасы” тапсырмасын орындау бойынша өңір басшысының қолдауымен, «Самұрық – Қазына» әл – ауқат қорының демеушілігімен кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылы 30 мамыр күні жастардың бос уақыттарын пайдалы өткізуіне ықпал ететін, шығармашылық және зияткерлік қабілетті дамытуға зор мүмкіндік ашатын, мекеме ретінде сәнді заманауй үлгіде қайта жаңартылып  ашылд

Қазақ   ақыны, нәзік сезімді,  қайырымды  азамат, поэзия зергері  және ақындардың әлденеше буынының ұстазы – Сағи  Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин  ауданындағы Оймауыт  ауылында туған.

1955 жылдан Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласының 10 орта   мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.

1956  жылдан әдеби қызметке ауысып «Қазақ  әдебиеті»,  «Қазақстан  пионері» газеттері мен  Жұлдыз», «Мәдениет  және  тұрмыс» журналының редакцияларында істеді. Ұзақ жылдар бойы «Жазушы»  баспасының поэзия  редакциясын басқарды. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.С.Жиенбаев көптеген жыр кітаптарының авторы. Оның алғашқы «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы, 1959 жылы  жарық көріп, қалың оқырманды ақындық аса нәзік ерекше тынысымен баурап  алды.

Өз тұстастары Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев секілді Сағи өмірде де, өлеңде де ерте есейген ұрпақтың өкілі. Сол ұрпақтағы поэзия әлемінде көрінген жас ақындарға көңіл аударған ұлы жазушы М.Әуезов ризашылықпен «Сағи Жиенбаевтың бірқатар  өлеңдерін оқыдым.Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар, біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей  көрінетін шыншылдық  бар, поэзияға керек нәрсе – осы шыншылдық»- деп бағалаған. Ата жазушының ақ батасындай осы сөз Сағидың ақындығына халықтың үміт сенімін арттыра түскендей болды.Ақын қазақ поэзиясының екінші тынысы ашылған 60-жылдары жыр додасының дулы ортасында болды.Ойып тұрып өз орнын белгіледі.Сезімтал лириканың сирек құбылыстарының біріне айналды. Қазақ поэзиясын Сағи лирикасынсыз елестету мүмкін болмай қалды. Сағи сазы – бұл қазақ лирикасындағы айрықша нұрлы, сырлы саз. Ол  дауыс, ол саз уақыт озған сайын қоғам, ұрпақтар толқыны жаңарған сайын қалың  қоғамға жаңа сәнмен жаңара береді. С.Жиенбаев қазақ әдебиетін дамытудағы үлкен еңбегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да үкімет   наградаларымен марапатталған. Көрнекті ақын, нәзік сезімді, қайырымды азамат поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 ж. 16 ақпан №257 қаулысымен Ақтөбе өңірінде дүниеге келген лирик ақын С.Жиенбаев есімі Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасына берілді. Және қала көшесі, Байғанин  ауданындағы Оймауыт ауылының орта мектебі ақын есімімен аталады. Сәулетті сөздің шебері, жаны жайдары, алтын қалам иесі С.Жиенбаевтың жырлары жас ұрпаққа үлгі өнеге.

 

БІЗДІҢ БАЙЛАНЫС