2022 жылдың 31 мамыры күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ұлт үшін құрбан болған Алаш азаматтары» атты дөңгелек үстел өткізді.
Мақсаты: Азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен құрбан болған бабаларымызды еске алу, өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіру.
Дөңгелек үстел қонақтары: №2 ЖББО мектеп-гимназиясының тарих пәні оқытушысы Мәндібаева Рима Убайдуллақызы; Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Құдайберген Турдалин, Хусаин Байшуақов; аудандық және қалалық мектеп оқытушылары.
Дөңгелек үстел барысында жазықсыз жандарды өлімге байлаған сол зұлматты жылдардың ауыртпалығын еске түсіре отырып, жастарымызға ой салар тағылымды әңгімелерін өрбітіп, елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жыл сайын аталып өтілетіні жайлы және зобалаң жылдардағы оқиғалардың себебі мен салдары баяндалды. Сонымен қатар оқырмандардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап беріп, өзекті ойларды ортаға салған қонақтар, қуғын-сүргін құрбандарын бір күн емес, күнде еске алып тұру міндетіміз деп жастарға өз кеңестерін айтты. Шара соңында жас кітапханашылар өлеңдерді мәнерлеп оқыды.
Іс-шара аясында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітап көрмесіне түрлі басылымдар, зерттеу материалдары, құжаттар, көркем әдеби шығармалар қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті жылдар – XX ғасырдың 1921 және 1931-1933 жылдар аумағын қамтыған ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңін баяндайтын кітаптар қойылды. Шараға мектеп оқытушылары, кітапханашылар, оқырмандар қатысты.