2023 жылдың 4 мамыры күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күніне орай Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен «Ел ертеңі – бүгінгі жастар» атты патриоттық кеш өткізді.
Мақсаты: Жастардың бойына елжандылық, отан сүйгіштік қасиеттерін сіңіру. Бейбіт күннің қадірін ұқтыру, патриоттық сезімдерін ояту.
Патриоттық кеш барысында Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция батальоны командирі, орынбасары, полиция майоры Азамат Темірболат баяндама оқып, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 2 курс студенттері Нұргүл Амангелдіқызы, Нұржанат Серікқызы, Мадина Абдибекова отанын, жерін қорғаған қазақ батырлары жайлы өлең-жырларын жатқа оқыды. Сонымен қатар полиция батальон полицейі, полиция аға сержанты Арыстанбек Ойнаров пен Бақытбек Қалауов «Батырлар ұраны» әнін шырқады. Қатысушыларға сергіту сәтінде мақал-мәтелдердің жалғасын табу ойыны ойнатылды. Кеш соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы сөз сөйлеп, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, алғысын білдірді.
Шарада тақырыпқа сай кітап көрмесі жасақталып, көрмеге Лаура Ерікқызы библиографиялық шолу жасады. Шараға Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, АГК студенттері, оқырмандар қатысты.