2017 жылдың 2 наурызы күні Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-сатирик Төрежан Мәндібайдың 80 жасқа толуына орай «Сатира жанрының тамыршысы» атты кездесу кеші өткізілді.
Шараның мақсаты: сатирик Т.Мәндібай туралы толығырақ ақпарат беру, оның шығармаларын жастар арасында насихаттау, жастарды көркем әдебиет оқуға тарту.
Шара қонақтары: Маханова Гүлжан Мейрханқызы- Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы; Төрежан Мәндібай –сатирик, жазушы; Алпысбай Мұсаев-филология ғылымдарының докторы,профессор; Идош Асқар-ардагер журналист; Ардақ Қонақбаева- журналист; Гүлімай Әбішқызы - ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі.
Төрежан Мәндібай - 1937 жылы 18 наурызда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, «Сарытепсең» колхозында дүниеге келген. Алғашқы «Жас керуен», «Жібек жел», «Күлеміз бе, қайтеміз?» атты өлеңдері мен әңгімелері ұжымдық жинақтарға енген. Сонымен қатар «Сыпыртқы командасы», «Оңай деймісің», «Махаббат минөті», «Қазығүрт Қорасан» атты сатиралық кітаптары жарық көрген. Шалқар ауданының Құрметті азаматы. Облыс әкімі әдеби сыйлығының иегері атанған.
Кешті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы ашты. Мерейтой иесін құттықтап, шараның сәтті өтуіне өз лебізін білдірді. Гуманитарлық колледждің студенттері С.Көбейсінқызы мен Д.Қызыл «Мерекем» әнін орындаса, №39 мектеп оқушылары С.Құдайбергенов және А.Боранбаева «Әке», «Ана» әндерін орындады.
Белгілі бір халықтың сатира жанрында сол елдің тарихы, мәдениеті, әр дәуірдегі көңіл-күйі көрініс табады. Сондықтан бүгінгі шараға қатысқан қонақтар Т.Мәндібайдың шығармаларының тәрбиелік, адамгершілік тұрғыда жастарға берері көп екендігін жеткізді. Шара барысында жастар жазушыға көптеген сұрақтар қойды. Кітапхана қызметкерлері сатирик Т.Мәндібайдың «Ата –аналар жиналысы» шығармасынан көрініс қойды. Тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Сатира өмірдің айнасы» атты слайд тамашаланды. Кеш аяқталысымен қонақтар мен жастар мерейтой иесімен естелікке суретке түсті.