2016 жылдың 21 қыркүйек күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақ ақыны Б.Тәжібаевтың туғанына 90 жыл толуына арнап «Ән мен жырдың ақбұлағы» аттыәдеби –сазды сағат өткізілді.
Мақсаты:Бәкір Тәжібаевтың шығармашылық мұрасына жастардың назарын аудару, ақынның өмірі мен әдеби шығармашылығымен таныстыру. Жастардың поэзияға ынтасын арттыру, кітап оқуға кітапханаға тарту.
Ақын, драматург, әнші, сазгер - Бәкір Төлеуұлы Тәжібаев 1926 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол Алматы көркем сурет-театр училищесін бітірген. Бәкір Тәжібаев көптеген драмалық жыр жинақтарының авторы. Солардың ішінде «Қара торғай», «Сахна жұлдыздары», «Балбұлақ» және т.б. жарыққа шықты.
Шараны жүргізуші Қайнақаева Азатгүл Бәкір Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, оқырмандар назарын ақын туралы түсірілген бейнебаянға аударды.
Бәкір Тәжібаевтың қаламынан туған 150-ге жуық өлең қазақ әндерінің «әнұранына» айналған. Оның «Жас дәурен», «Ақбұлақ», «Әппағым-ау, әппағым», «Гүлсің-ау» сынды бірқатар әндері Қытай, Монғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран елдерінде тұратын қазақтар арасында кең тараған.
Шара барысында Б.Тәжібаевтың «Еркем менің күн күлдіріп келетін» өлеңін кітапханашы Елеуова Айман мәнерлеп оқып берді.
Ал «Асыл арман», «Әлия», «Ақбұлақ» әндерін кітапхана ұжымы бірге шырқаса, кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина, кітапханашы Құрымбаева Лариса «Гүлсің ау», «Туған жер» әндерін қазақтың қара домбырасымен орындап берді.
«Жыр жұлдызы жарқырайды» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, таныстырды.

