«Даланың дархан дарыны» атты бейне - сабақ

07.06.2016 00:00 Администратор
Печать

7 маусым күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан және Қырғызстан республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақановтың 80 жасқа толуына арнап «Даланың дархан дарыны» атты бейне -сабақ өткізілді.

Мақсаты: оқырмандарды Ілия Жақановтың шығармашылығымен таныстыру, оның өнегелі шығармалары арқылы адамгершілік, адалдық, махаббат сияқты құндылықтарды жастардың бойына сіңіре отырып тәрбиелеу.

Ілия Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Өзінің көптеген әндеріне мәтіндерін жазған ақын. І.Жақановтың 200-ден астам лирикалық әндері бар. Оның ішінде «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлау көл кештері» әндерімен қатар, «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс!», «Ықылас», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Зәуреш», т.б. жарыққа шыққан таңдамалы жинақтары бар.

Шара барысында кітапхана қызметкері Кенжебаева Арайлым қоғам қайраткері, жазушы, ұстаз, ғалым, ақын, композитор Ілия Жақановтың өмірі мен оның әсем әндері туралы толығырақ мәлімет берді. «Өнердегі тұғыры биік тұлға» тақырыбымен кітап көрмесі ұйымдастырды. Көрмеге Т.Әбдірайымов «Ағыл-тегіл», И.Жақанов «Жүрек пернесі», И.Жақанов «Аққулар қонған айдын көл» т.б кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылып шолу жасалды. Сонымен қатар шараға қатысушылар «Әнімен елін тербеткен сазгер Ілия Жақанов» атты деректі фильмді тамашалады.

Ұлтымыздың өнерін дамытуға орасан зор еңбек сіңірген Ілия Жақановтың өнері, әндері халқымызбен бірге мәңгі жасай бермек. Бүгінгі шара соңында қатысушылар І.Жақановтың «Еділ мен жайық» әнін бірге шырқады.

Шараға кітапхана оқырмандары және «Құрдастар» клубының мүшелері қатысты.