2016 жылдың 26 мамыр күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 31 мамыр –Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне орай«Азалы тарихқа айрықша тағзым» аттытарихи - тақырыптық кеш өтті.
Мақсаты: Өскелең ұрпаққа, ел басына туған нәубеттің зардаптары, жазықсыз жапа шеккендердің тағдыры жайында мәлімет беру, азаттық үшін күрескен қайраткерлердің ерлігін жастарға үлгі етіп, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеу.
Кеш қонақтары: Ермұқан Қыдырғали Мұхитұлы – Ақтөбе облыстық мәдениет,мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары; Балдығарина Роза Баянқызы- мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы; Мырзабаев Бекарыстан Боранқұлұлы- тарихшы-өлкетанушы,«Әбілхайыр хан» мемориалдық музейінің меңгерушісі;Баймұқанов Болат Шағырбайұлы- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты; Төлебай Марат Төлебайұлы –С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры; Шаматова Венера Қуанғалиқызы - Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
31 мамыр – 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Бұл күннің қазақ елі үшін маңызы зор. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ішінде Алаштың арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы тағы басқада қайраткерлерін халық ешқашан ұмытпайды.
Бүгінгі тарихи шараға қатысушылар, нәубет жылдарында құрбан болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Шара барысында «Қазақ қасіреті» деректі фильмін және «Ел тарихы тартқан тауқымет ұмытылмас қасіреті» слайдын көрсету арқылы, кітапхана қызметкері Хамидуллина Бақтыгүл алаш партиясының тарихы жөнінде айтып берді. Сонымен қатар, саяси қуғын – сүргін құрбандары болған алашордашылар және қазақ зиялыларының өкілдері туралы кітаптармен газет - журналдар қойылған «Тарихта қалған тағдырлар» атты кітап көрмесімен таныстырды. Шара одан әрі Бекарыстан Боранқұлұлының, Болат Шағырбайұлының, зұлмат жылдардағы қазақ халқының бастан кешкен ауыр күндерін әңгімелеуімен жалғасын тапты. Өлкетанушы Роза Баянқызы Ақтөбе жерінен шыққан саяси-қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының тағдыры туралы әңгіме өрбітті.
Ақтөбе гуманитарлық колледжінен Нойышева Айман, Сағындық Айдана, Сағынай Гүлраушан, Русланова Аружан сынды студенттер саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарға арнап «Боздақтар» монологын оқыды. Қасымова Жаннұр, Сисенғалиева Гүлденнің орындауында «Туған өлке», «Туған жер» әндері орындалды. Сонымен қатар бір топ жастар алаш арыстары – М.Шоқайдың, Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынның, Б.Ысқақовтың, Ж.Аймауытовтың бейнесін сомдап, олардың өлеңдерін оқыды.
Шараны кітапхана директоры Марат Төлебайұлы қорытындылап, бүгінгі шараға белсене араласқан Ақтөбе гуманитарлық колледжінің, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің оқытушылары мен студенттеріне ризашылығын білдіріп алғыс хат табыстады. Кеш соңында шараға қатысушылар хормен Е.Хасанғалиевтің әні «Атамекен» әнін орындады.

