2016 жылы 29 сәуір күні сағат 15.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Чернобыль апатының 30 жылдығына орай «Қасіретке айналған алапат жарылыс» аттыдөңгелек үстел өткізілді.
Шараның мақсаты: Чернобыль апатының тарихын, апат салдарын жоюға аттанғандардың ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау.
Шара қонақтары болып Айтбаев Қанат Құдайбергенұлы - Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы; Табылдинова Назира Сәрсембайқызы- Ақтөбе облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы; Сатов Бақытжан Сейітқалиұлы – «Чернобыль құрбандары» Ақтөбе облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы және осы қоғамдық бірлестігінің мүшелері Сәрсенбаев Қойлыбай, Айталиев Ерболат, Бижанов Міржақып, Ізбасов Нұрлыбек; Дюсенова Айгүл Егізбайқызы - Ақтөбе облысының укіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті; Көбенов Ізімғали Әбдірахманұлы - «Халықаралық ядролық қаруға қарсы "Семей-Невада" қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Ақтөбе облысының экология департаментінің мамандары; Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «жаратылыстану» факультетінің оқытушыларымен студенттері қатысты.
Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген Чернобыль оқиғасына биыл 30 жыл. 1986 жылы сәуір айындағы Чернобыльдегі апат әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға қаншама адамның тәнін ғана емес, жүрегінде де жара қалдырды.
Чернобыль - Украинадағы шағын қалалардың бірі. Мұндағы атом электр станциясы 1971 жылы салына бастаған. Жоспар бойынша 6 энергия блогының барлығы іске қосылған жағдайда ол Еуропадағы ең алып атом электр станциясына айналуы тиіс еді.
Дөңгелек үст «Чернобыль апатының зардаптары» атты деректі фильм көрсетілумен басталды. Сонымен қатар «Зардаптары толастамаған Чернобыль» слайды көрсетілді.
Шара барысында қайғылы оқиғаның зардаптарына куә болған жерлестеріміз өздерінің естеліктерімен бөлісті. Шараны жүргізуші кітапхана қызметкері Бөлтекова Ләззат, Чернобыль апатының тарихына тоқталып, шараға орай ұйымдастырылған «Чернобыль апаты – ел есінде» кітап көрмесіне шолу жасады. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Құмаров Еркебұлан патриоттық әндерімен шара қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында кітапхана директоры Марат Төлебай сөз сөйлеп, Сіздердің еңбектеріңізді бағалау – біздің міндетіміз. Бүгінгі бас қосуда осы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, азаматтарға мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға береке, бірлік тілей келе, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін рахмет айтамын деп лебізін білдіріп алғыс хат табыстады.


