«Оқитын автобус» акциясы

22.04.2016 00:00 Администратор
Печать

2016 жылы 22 сәуір күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 23 сәуір-Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай №15 бағыттағы автобуста «Оқитын автобус» акциясын ұйымдастырды.

Елімізде жылсайын ҚР мәдениет министрінің қолдауымен, Ұлттық Академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы өткізіліп тұрады. Биылғы акция аясында жалпы ұлттық оқылымға зар заман ақындарының арасындағы жарық жұлдызы Дулат Бабатайұлының шығармалары сонымен бірге «Оқитын өлке» акциясы аясында боз жусанды даланың бозжорғасы атанған қазақтың көрнекті ақыны Есенбай Дүйсенбайұлының «Ұланғайыр» кітабы таңдалған.

Акцияның мақсаты – Ата бабаларымыздың мәдени мұрасын насихаттау, жастарды, қоғамды кітап оқуға, кітапханаға шақыру.

Қалың оқырманға шығармалары жыл кітабы болып ұсынылған Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Семей өңірі, Аягөз маңында дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, хат танып,  мұсылманша сауатын ашады. Өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінен мол сусындап, көне ақын-жыраулар мұрасынан ескі тарихи аңыздар мен эпикалық жырларды тыңдап, нәр алып өскен ол өз дәуіріндегі ең білімді адамдардың бірі болды.

«Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында шығармалары өлкемізде жыл бойына оқуға таңдалған ақын Есенбай Дүйсенбайұлы Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген қазақтың көрнекті ақыны. Поэзияны қадірлейтін оқырмандардың сүйікті ақынына айналып, ондаған өлең жинағын берді. Оның «Боз ала таң мен бозторғай», «Ақ пейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат» деп аталатын жыр жинақтары Алматыдағы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан жарық көріп, кеңінен тарады. Есенбай Дүйсенбаев қазақ поэзиясына өз үні, өз бояуымен келіп, ерекше танымал болған ақын.

Қазіргі жасөспірім жастарды кітап оқуға тартуда, сондай-ақ тәрбиелеуде, олардың демалысын ұйымдастыруда, шығармашылықтарын шыңдауда өзге кітапханалардай Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы да тынбай жұмыс істеп келеді. Қандайда бір шараны өткізуарқылы оқырмандарды кітапханаға тарту мақсаты көзделеді. Сол себепті кітапханада жаңаша әдістерді қолдану бүгінгі күннің талабы болып қала бермек.

Акция барысында жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері №15 қалалық автобус бағытындағы жолаушыларға бүктемелер, жарнамалық парақшалар таратып, плакаттар жапсырды.

Ақын Дулат Бабатайұлының шығармаларынан үзінді келтіріп, өмірбаянына тоқталып өтті. Кітапханаға кітап оқуға шақырды. Сонымен қатар ақын С.Жиенбаевтың өлеңдерін үнтаспа арқылы тыңдалды.

Обновлено 17.05.2016 05:32