2014 жылдың 14 мамыр күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы атақты палуан, әнші, ақын Балуан Шолақтың туғанына 150 жыл толуына орай № 36 қазақ орта мектебінің оқушылары арасында «Қазақтың қас өнерпазы» атты тақырыптық сағатын өткізді.
Шараның мақсаты: Қазақ халқының танымал өнер иесі Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа насихаттай отырып, тарихымызға құрметпен қарайтын саналы, білімді азаматтарды тәрбиелеу болып табылады.
Балуан Шолақ 1864 жылы Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданында дүниеге келген. Ол ән-күйге жасынан құмар болып өседі. Жас кезінде оң қолының саусақтары үсіген ол, кейін күш қажыры толысып, палуандығы танылған кезде Балуан Шолақ атанады.Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830 кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңқалдырған.
Балуан Шолақ өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы, әрі насихатшысы болды. Балуан Шолақ олардың әншілік-композиторлық дәстүрін ұстанып, кейін өзіде лирикалық әндер шығарды.
Солардың ішінде халыққа танымал «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Кенже қоңыр» сияқты әндері бар.
Шара барысында кітапхана қызметкері Баян Жәрдемғалиқызы Балуан Шолақтың өмірі, өнері туралы қызықты деректер айтып берді.№36 қазақ орта мектебінің 9 класс оқушылары Дауева Әнель, Қорғанбаева Гүлбақты, Сметова Айгерім Балуан шолақтың «Желіп,желіп», «Атандым балуан шолақ бала күннен», «Ғалия» өлеңдерін оқыды. АлЖұлдыз Барахатқызы «Балуан Шолақ» романынан үзінді оқыды.
«Үш жүзге аты мәлім –Балуан Шолақ» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Балуан Шолақтың шығармашылығынан құралған кітаптар мен ол туралы баспасөз бетінде жарық көрген мақалалар, естеліктер қойылды. Кітапхана қызметкері Бектемирова Ұлжан библиографиялық шолу жасап, С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» романымен таныстырды.

