2017 жылдың 23 мамыры күні сағат 15.00 –де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қасіретті жылдар жаңғырығы» тарихи сағат өткізілді.
Шараның мақсаты: Оқырмандарға ел басына туған нәубеттің зардаптары, жазықсыз жапа шеккендердің тағдыры жайында мәлімет беру, азаттық үшін күрескен қайраткерлердің ерлігін жастарға үлгі етіп, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеу.
Шара қонағы болып зейнеткер Есбосынов Қылышбай және №34 мектеп оқытушылары мен оқушылары қатысты.
Елбасының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Тарих өрісіне орай, біздің республикамыз миллиондаған кеңестік азаматтардың жер аударылған мекеніне айналған. «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ішінде Алаштың арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы тағы басқада қайраткерлерін халық ешқашан ұмытпайды.
Бүгінгі шара барысында Есбосынов Қылышбай ағай жазықсыз жапа шеккендердің арасында өзінің әкесі Есбосынов Үбнияздың қуғын сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілгені туралы еске алып, жастарға әңгімелеп берді.
Шараны жүргізуші кітапханашы Кенжебаева Арайлым саяси қуғынға ұшыраған алаш азаматтары жөнінде ақпарат беріп, оқушылар қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар «Қазақ қасіреті» атты деректі фильмді тамашалады. «Тарих бетіндегі қасіретті жылдар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Саяси қуғын – сүргін құрбандары болған алашордашылар және қазақ зиялыларының өкілдері туралы кітаптармен газет - журналдар қойылды. «Ел тарихы тартқан тауқымет-ұмытылмас қасірет» атты слайд көрсетілді. «Зұлмат жылдар жаңғырығы» деген атпен зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерінен көрме жасалды.