14 сәуір күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел, бір кітап» республикалық акция аясында «Қазақ поэзиясының аққан жұлдызы» атты С.Торайғыровтың шығармашылығына арналған әдеби сағат өткізілді.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұсынысымен ҚР Мәдениет министрлігі өткізіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы жалғасуда. Биылғы жылы «Бір ел, бір кітап» республикалық акцияға, жалпы халықтық оқуға қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалды.
Ол солтүстік Қазақстан облысының Қызылтау ауданында 1893 жылы туған.Ақын шығармаларында ескіні сынау, қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күрес бой көтерді.
Жалпы акцияның мақсаты - жаппай оқу мен отандық әдебиетке, соның ішінде классикаға, сол секілді қазіргі заман әдебиеті мен поэзияға да қоғамдық қызығушылықтың әрі қарай өсе түсуіне ықпал етуге шақырса, ұлттық мәдениет пен осы замандық өркениеттің бірден-бір бай бұлағы – кітапты насихаттау.
Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тебірентсе де қазірде классикалық туындыларға айналған, ауыл тіршілігін, адамдардың тағдырын бейнелейтін ақынның өлең-жырларына, поэмалары мен әңгімелерінің мазмұнын кітапханашы Махамбеталиева Бағдагүль айтып берді. Кітапханашылар С.Тоайғыровтың «Кедей», «Бір адамға», «Шәкірт ойы» өлеңдерін оқыды.
Кең көлемде ұйымдастырылған кітап көрмесіне қаламгердің шығармалары, ол туралы жазылған кітаптар, баспасөз мақалалары қойылды. Кітап көрмесі жыл бойы оқырмандарға қызмет етеді. Шараға Ақтөбе гуманитарлық колледжінің сырттай оқу бөлімінің студенттері қатысты.