2016 жылдың 14 шілде күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Өміріңді сақтау өз қолыңда, жол тәртібін орында» атты ақпараттық сағат өтті.
Мақсаты: жасөспірімдерді өздерінің жеке басының және қоршаған адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, қауіп қатердің алдын алуға, өмірге қауіп төндіретін заттарды тануға, олардың денсаулығымызға, өмірімізге төндіретін қатерін түсіне білуге үйрету.
Жаз мезгілінде оқырмандардың демалысын ұйымдастыру кітапхана жұмысының негізгі бөлігі болып табылады. Балаларға қамқорлық үнемі үлкендердің қарауында болуы керек.
Шара барысында бөлім меңгерушісі Бултекова Лаззат балаларға алғаш рет бағдаршамның қалай пайда болғандығы, тарихы жөнінде айтып берді және жол тәртібін бұзбау ережесін айтып, оларға жай және ойын түрінде жол ережесін сақтау керек екендігін түсіндірді.
Кітапханашы Есалинова Айнель жол сақшысы ролін сомдап, жолда жүру ережесін түсіндірді. Балалар бар ынтасымен тыңдап, қойылған викториналық сұрақтарға, жұмбақтарға қызығушылықпен жауап беріп отырды. «Жол тәртібін жадыңда ұста» атты кітап көрмесі және сақтық туралы нақыл сөздерден де кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге түрлі-түсті безендірілген әдебиеттермен, танымдық журналдар қойылды. «Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!» атты слайд, «Жолдос көмекке асығады» атты мультфильм көрсетілді.









