16 наурыз күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Бүкіл әлемдік поэзия күніне орай облыстық «Оқитын өлке» акциясы аясында ақын Есенбай Дүйсенбайдың шығармашылығына арналған «Боз жусанды даланың бозжорғасы» атты поэзия кеші өткізілді.
Мақсаты: жастарға патриоттық және эстетикалық тәрбие беру, қазақ әдебиетін соның ішінде поэзияға деген жастардың сүйіспеншіліктерін арттыру, ақын Есенбай Дүйсенбайдың шығармашылығымен таныстыру.
Шара қонақтары: Ашықбаев Ертай Ақатұлы – Ақын,Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторының орынбасары; Асқар Идош Мұсақұлұлы – ақынның курстас досы, ардагер журналист;Қанатбай Елеусізұлы – Тілеу батыр қайырымдылық қорының төрағасы; Төлебай Марат Төлебайұлы – С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры және Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері, облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицей интернатының оқушылары «Аққауырсын» жас ақындар клубының мүшелері қатысты.
«Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында биыл жергілікті ақын Есенбай Дүйсенбайдың «Ұланғайыр» шығармасы оқуға таңдалды.Есенбай Дүйсенбайұлы 1940 жылы 16 мамырда Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген.Көрнекті қазақ ақыны еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімінен бастап, көп ұзамай журналистика қызметке ауысады.Есенбай Дүйсенбай поэзияны қадірлейтін оқырмандардың сүйікті ақынына айналып, ондаған өлең жинақтарын берді. Оның «Боз ала таң мен бозторғай», «Ақ пейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат» деп аталатын жыр жинақтары Алматыдағы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан жарық көріп, еліміздің өлең сүйер оқырмандарына кеңінен тарады. Есенбай Дүйсенбаев қазақ поэзиясына өз үні, өз бояуымен келіп, ерекше танымал болған ақын.
Кеш барысында ақын Ертай Ашықбаев поэзия әлемінде өз ойын өрнектеп мазмұнды да мағыналы өлеңдерімен жүрекке жеткізе білген Есенбай ақын туралы мағыналы сөз сөйлеп жастармен ой бөлісті.
Поэзия сүйер оқырман Есенбай Дүйсенбайдың өлеңдерін оқыды. Дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған қазақ – түрік лицей интернатының оқушылары Қуан Ерасыл, Лиман Нұрсұлтан, Көпбосынов Нұрсұлтан, Мұқанов Батырхан ақынның «Ақтөбе», «Ашық хат», «Бозала таңмен бозторғай» өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Есенбай Дүйсенбайдың барлық шығармаларынан «Бозала таңның бозторғайы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкері Құрымбаева Лариса ұйымдастырылған көрмеге библиографиялық шолу жасап, ақынның өмірімен шығармашылығын айтып, «Ұланғайыр» шығармасына толығырақ тоқталды. «Бозала таңның бозжорғасы» слайд көрсетілді. Кешті Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Алма Адаханова әсем әндерімен көркемдей түсті.
Шара соңында кітапхана директоры Марат Төлебай Есенбай Дүйсенбайдың шығармаларын насихаттауға арналған бүгінгі шараға қатысқан көпшілік қауымға алғыс айтып, ақын шығармаларын бірігіп оқуға атсалысайық деп ниет білдірді, кітапханаға кітап оқуға шақырды.









