«Ақын рухы аялайды ұрпағын» атты әдеби сағат

E-mail Печать PDF

         2 наурыз күні сағат 11.00 де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері №34 қазақ орта мектебінің жоғары класс оқушылары арасында халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай «Ақын рухы аялайды ұрпағын» аттыәдеби сағатөткізді.

Шараның басты мақсаты: жас оқырмандар арасында Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын, оның қазақ әдебиетінде қалдырған ақындық өнерін, айтыс өнерінің дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттау  болып табылады.

«Ғасырға жуық ұзақ ғұмырында екі дәуірдің куәсі болған, жыршы, жырау, халық ақыны, айтыскер, қызыл тілдің жалынды жасыны, Сүйінбайдың сүйікті шәкірті болған Жамбыл Жабаевтыңақындық дарыны жас кезінен ақ танылды. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал-құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған.Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның «Ата жаумен айқастық», «Ленинградтық өренім» сияқты туындылары халыққа күш-жігер беріп рухтандырып отырды. Ақын өлеңдері Отанымызға деген деген патриоттық, сүйіспеншілік сезімді артыра түседі.

Бүгінгі рухани шарада «Жамбыл» фильмінен үзінді және «Жамбыл Жабаевқа - 170 жыл» тақырыбымен ақынның фото-шежірелерінен слайд тамашаланды.

Кітапхана қызметкері Хамидуллина Бақтыгүл, бозбала шағының өзінде-ақ, өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген айтыскер ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды.

«Жамбыл мұрасы-мәңгі өшпес өнеге» атты ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды. №34 мектептің оқушылары Есенғазы Ұлан, Тукалиева Ақнұр, Жолдас Мадина Ж.Жабаевтың «Әкеме», «Сүйінбайға», «Патша әмірі тарылды» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Қазақ даласының дара тұлғасы Жамбыл Жабаев поэзия өнеріне өшпес мұра қалдырды.Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай мәңгі бірге жасай береді.