С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ашылу салтанаты

E-mail Печать PDF

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына  дербес ғимарат беріліп, кітапхана жаңа мекен - жайға қоныс аударды. Үстіміздегі жылдың 23 қаңтар күні сағат 16.00 де кітапхана орналасқан ғимараттың салтанатты түрде ашылуы болып өтті. Бұл ақын Сағи Жиенбаевтың 80 жылдығына және кітапхананың 35 жылдығына орайластырып,  облыс әкімдігі тарапынан, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама  басқармасының қолдауымен халықтың игілігі үшін беріліп отырған мәдениет ошағы.

 

Кешке қатысушылар: Ақтөбе облысының, қаласының мәдениет және өнер саласы қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақын – жазушылар, кітапхана директорлары, оқырман қауым, студенттер және мектеп оқушылары.

Ғимараттың ашылу рәсімінде Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы  Н.С.Табылдинова және ақын К.Айнабеков салтанатты түрде лентаны кесіп кітап сүйер оқырман қауымға, кітапхана есігі сол мезеттен бастап ашық екенін зор қуанышпен айтып құттықтады. Шара барысында шашу шашылып, ән - күй шырқалды. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның, халық шығармашылық үйінің әншілері  С.Жиенбаевтың сөзіне жазылған әндерді орындап жиналған қауымға  мерекелік көңіл-күй сыйлады. Келген қонақтар кітапхананың ішкі бөлімдерімен танысып, мерекелік дастарханнан дәм татты.

Ақтөбе облыстық  жасөспірімдер кітапханасы 1979 жылы құрылып, Қазақстан Республикасы   Үкіметінің   2000 жылғы  16 ақпан №257 қаулысымен  кітапханаға жерлес  ақын  Сағи   Жиенбаевтың  есімі  берілді. Бүгінгі күнге дейін кітапхана «Алақай» қуыршақ театрында орналасқан болатын.

Елбасымыздың тапсырысымен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында, Прохоров көшесі, 11 үйде орналасқан ғимарат яғни бұған дейінгі Зауыт полиция бөлімі, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына берілді. Кітапханаға берілген ғимарат 1956 жылы құрылған. Көп жылдан бері ешбір жөндеу көрмеген аталмыш ғимаратты жөндеу мақсатында Республикалық бюджеттен 47 млн. теңге қаражат бөлініп игерілді.

Бүгінгі күні күрделі жөндеуден өткен ғимарат заманға сай кең ауқымды жабдықталып өз оқырманын күтуде.

Кітапханада абонемент, оқу залы, инновциялық және әдістемелік жұмыс бөлімі, интернет зал, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімі, өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімі жұмыс жасайды. Кітапхананың  қорында  барлық   білім  салалары  бойынша  80000 мыңға жуық кітап  қоры бар. Жыл сайын 70000 нан астам оқырман қамтиды. Жыл бойына оқырман қауымды кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, жастарға арналған  әртүрлі тақырыптарда  атаулы  қызықты  кештер, кездесулер  өткізіп өз жұмыстарын ауқымды етіп ұсынуда.Жасөпірімдер кітапханасы өзінің бай кітап қорымен оқырмандарға қызмет көрсетуде олармен тығыз байланыста болып, кітапхана ұжымдарымен өзара бірлесе отырып өскелең өмір талабына сай жұмыс жасап келеді. Кітапхана  заманауи техникалық құралдармен  жабдықталған. Осыған орай бүгінде заман ағымына орай кітапхананың   қызметі  мен    жұмысының  мазмұны  кеңеюде.  Кітап оқып өз білімімді толықтырам, мәдени-демалыс ошағынан рухани нәр алам деушілерге  жас ерекшелігі талғанбайды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға пандус орнатылып, оларға да жағдай жасалған.

Кітапхана – рухани байлықтың ордасы. Олай болса мәдениет ошағының   жастарға тигізер пайдасы өте зор деп білеміз.