2021 жылдың 09 ақпаны күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Ақ қауырсын» клубының мүшелерімен бірлесе ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Елі сүйген Қарасаздың мұзбалағы» атты жылдың поэзия кешін өткізді.
Мақсаты: Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқырмандарды, жасөспірімдерді елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзияға деген құштарлығын ояту.
Поэзия кешіне Шығармашылық академиясының қызметкері, әнші - Кулманова Нұрзат Арыстанқызы, № 27 орта мектеп-лицейінің 9 класс оқушылары Мамбетова Нұрсезім, Қазтаева Жұлдыз, Төлеген Әсет, Гизатумаев Айбар мен «Ақ қауырсын» клубының мүшелері, оқырмандар қатысты.
Поэзия кешін жүргізген Лаура Ерікқызы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы, құнарлы жырлары туралы өлеңсүйер қауымға ақпарат берді. Мұқағали Мақатаевтың туған жерге, елге, халқына, Отанына, ана тіліне деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Осы орайда, шараға жиналған қауым Мұқағали Мақатаевты еске ала отырып, оның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар жастар поэтикалық дуэль жасап, бірінен-бірі қалыс қалмай ақынның өлеңдерімен сусындатты. Сондай-ақ Шығармашылық академиясының қызметкері, әнші Кулманова Нұрзат Арыстанқызы ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған» т.б. әндерін көпшілікке ұсынып, тамылжыта орындады. Кеш соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы ақиық ақынның өлеңдерін оқыған жастарға Облыстық халық шығармашылығы Үйінде өтетін концерттің 3 билетін және естелік сыйлықтар табыс етті.
Кеш барысында «Жыр жүрегі соғып тұр...», «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Гүлнара Мәлік библиографиялық шолу жасады. Ақынның өмірі туралы бейнесюжет көрсетілді.