«Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында өткен «Тұғыры биік –Тәуелсіздік» атты үш күндік кітап фестивалін Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы қорытындылады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау» жылына орай ұйымдастырылған мерекелік іс шараны «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жастарды отаншыл болуға, кітап оқуға шақырды. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жанынан ашылған «Гүлдер-Айым» би ансамблі мың бұрала би билеп, «Асыл ай» тобы «Тәуелсіз елім», «Туған ел» әндерімен кештің сәнін келтірді.Мерекелік кеш барысында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы өлкеміздің мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосып, көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатырған бір топ мәдениет және өнер қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.