«Ел іші – өнер кеніші» атты кездесу кеші

21.05.2019 00:00 Администратор
Печать

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Жастар» жылы және 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Ел іші – өнер кеніші» атты кездесу кешін өткізді.


Кеш қонақтары: Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрындағы қазақ труппасының репертуарындағы спектакльдерде басты рөлдерді сомдаған актер, ҚР мәдениет саласының үздігі Кеңес Кемалбаев пен актриса Жанар Кемалбаева.
Кештің мақсаты: Ақтөбе өңірінен шыққан ел мәдениеті, өнер мақтаныштары есімдерін жас ұрпаққа үлгі ету, насихаттау; Жастардың Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мәдениетін, өнерін білуіне, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды дәріптеуіне, патриоттық сезімдері мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу; Дарынды жастардың ынтасын ояту.
Шараға Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті - Дюсенова Айгүл Егізбайқызы; С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры – Калдина Гүлжайнар Нәренқызы; Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері мен оқытушылар, оқырмандар, ктапханашылар қатысты.


Ақтөбе топырағы қашаннан өнер адамдарына кенде емес. Бірі театр мен ән әлемінде, екіншісі әдебиет саласында тер төгіп, елге танылып жүр. Солардың бірі өнерде де, өмірде де бірге, Т.Ахтанов атындағы драма театрында бірнеше басты рөлді сомдаған актер Кеңес Кемалбаев пен Жанар Кемалбаеваның өнердің құдіреттілігін, театрға келуі арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануына, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алатындығын айтып ойларымен бөлісті. Сонымен қатар қонақкәдеге Кеңес пен Жанар Кемалбаевтар «Арман» әнін орындап, «Махаббат мұңы» спектаклінен үзінді көрсетті. Шараға келген жастар өнерге байланысты көптеген сұрақтарын қойып, өзара пікір алмастырды.
Шарада «Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге көптеген өнерге байланысты кітаптар мен баспасөзде жарық көрген мақалалар қойылып, библиографиялық шолу жасалды. «Өнер мен өмірді шебер ұштастырған» атты слайды көрсетілді. Кеш қызықты өтті. Кеш соңында естелікке суретке түсті.