«Ұлы даланың жеті қыры» атты дөңгелек үстел

05.02.2019 00:00 Администратор
Печать

2019 жылдың 5 ақпаны күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласын жастар арасында насихаттау мақсатында «Ұлы даланың жеті қыры» атты дөңгелек үстел өтті.
Шара қонақтары: Айшуақ Дәрменұлы – тарихшы; Елтай Кемал – режиссер; Марат Қабижанұлы – батагөй қария; Ешмұратова Бақытгүл Жақсымұратқызы – Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының құжаттарды пайдалану және жариялау тобының меңгерушісі; Айнұр Мақсатқызы – облыстық өлкетану музейінің археология этнография ғылыми бөлімінің меңгерушісі; Балнияз Ақниязұлы Ажниязов – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі; Нұрбақыт Алтынбекқызы – облыстық жастар ресурстық орталығының маманы.

      Шараға Ақтөбе мұнай және газ колледжінің студенттері мен оқытушысы Айнагүл Байтақова және «Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім - инновация» лицей интернаты» оқушылары мен кітапханашы Гүлмира Утарбаева, оқырман қауым қатысты.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Рухани жаңғыру мақаласының жалғасы іспеттес. Еліміз рухани, мәдени, саяси өмірінде алға қарай жылжуға нақты бағдарын көрсеткен бұл мақала өзінің тың ойларымен құнды. Қазақстанның бай тарихын кеңінен танытып, насихаттауға бағытталған мақала туралы тарихшы Айшуақ Дәрменұлы, режиссер Елтай Кемал және шараға келген қонақтар өз кезегімен сөз сөйлеп, ой пікірлерін білдіріп, оның маңыздылығына тоқталды.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын бірнеше бағыты жазылған. Сол бағыттарда айтылған ер тұрман, ауыздық, саптама етік, жебе, садақ, сауыт, зергерлік әшекей бұйымдар таныстырылды. Сонымен қатар А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің студенті Бекзат Ермекбай «Дауылпаз» әнін, ал №68 орта мектебінің оқушысы Тахан Қайсар «Бәйге» әнін орындады.
Шара барысында «Бабалар ұлағаты – ұрпақ аманаты» кітап көрмесі таныстырылып, «Рухани жаңғырудың ажырамас бір бөлігі – ұлттық ерекшелік» слайды көрсетілді.