«Өлең, мен сені аялап өтем» атты поэзия сағаты

E-mail Печать PDF

     3 тамыз күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Абай Құнанбаевтың туғанына 173 жыл толуына орай «Өлең, мен сені аялап өтем» атты поэзия сағаты өтті.

     Мақсаты: Ұлы ақынның сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттау, Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту, нақыл сөздерін, өсиетін жастарға дәріптеу.

     Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы.Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Ұлы Абайдың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосып келеді.

     Кітапханашылар жыл сайынғы дәстүр бойынша ақынның шығармаларын насихаттап, оқырмандар өлеңдерін оқыды. Ұстаз әрі кітапхананың тұрақты оқырманы Ахметова Шайзада Ұлы тұлға туралы айтып, оның ақыл-өнегеге, ғибратқа толы қара сөздеріне тоқталып оқырмандармен ой бөлісті. «Ақ қауырсын» клубының мүшелері Сұлтанбаева Лаура, Зейнекен Аяулым өз шығармашылықтарынан өлеңдер оқыды. Шараға «Ақ қауырсын» клубының мүшелері, кітапхана қызметкерлері қатысты.