«Ұлы ойшыл Абай – қазіргі заман, тәуелсіз Қазақстан азаматтарының жаңа бейнесі» атты поэзиялық, мәдени-сазды пікір алысу кеші

E-mail Печать PDF

    2020 жылдың 28 ақпаны күні сағат 16.00-де Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы, Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басқару орталығы, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Ұлы ойшыл Абай – қазіргі заман, тәуелсіз Қазақстан азаматтарының жаңа бейнесі» атты поэзиялық, мәдени-сазды пікір алысу кешін өткізді.

     Шара қонақтары: Пангереев Абат Шамұлы – «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, профессор, филология ғылымдарының докторы; Нұрлыхан Хасенов - Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры; Рсалы Имухамбет - Астана ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы; Елеусинова Гүлім Елеусінқызы – Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты; Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы - мәдениеттанушы, өлкетанушы, ҚР мәдениет қайраткері; Құдасова Үржан Құрманқызы - С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары; «Атамекен» ансамблі;
Мақсаты: Абай шығармашылығын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту, «Сөз патшасы – өлең» құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңірту, ой-қиялдарын поэзия әлеміне енгізу, ғұлама Абай мұрасын, нақыл сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттау.
     Шара барысында қонақтар қазақ халқының ұлы ақыны, аудармашы, сазгер, дана, дара тұлға Абай Құнанбаев туралы әңімелеп, баяндама оқыды. Ал жиында сөз алған «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, профессор, филология ғылымдарының докторы Абат Шамұлы қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі туралы кеңінен мәлімет беріп, шығармашылығына жалпы шолу жасады. Шараны Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнероликпен жалғастырды. Сонымен қатар жастар Абай шығармаларының танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болғаны туралы мәліметтермен танысты. Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде көптеген сұрақтар қойды. «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мүшелері Абай өлеңдері мен қара сөзінен үзінділер оқып, «Атамекен» ансамблі Абайдың "Көзімнің қарасы", «Желсіз түнде жарық ай» әндерін нақышына келтіріп орындады.
Шарада «Абай әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Шынар Кошанова библиографиялық шолу жасады. Тақырыпқа сай слайд көрсетілді. Шараға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенттері, «Ақ қауырсын» клубының мүшелері, оқырмандар мен кітапханашылар қатысты.